Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі

Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны

Оқытушы мен қызметкердің ар-намыс кодексі

Колледж құндылықтары:

Қызметкерлер мен студенттер – КМҚК «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің» басты байлығы. Колледж өзінің зияткерлік және адами капиталын үнемі жетілдіруге және дамытуға, студенттерді құзыретті мамандар ретінде даярлауға ұмтылады.

Адамға деген құрмет — бұл басқа адамдардың пікірін құрметтеу және арамыздағы кез келген айырмашылықтарға төзімділікпен қарау, мәселелерді ашық әрі ізгі ниетпен талқылау, өндірістік міндеттерді бірлесіп шешу.

Ардагерлерге қамқорлық — бұл колледжімізді көптеген жылдар бойы қалыптастырған адамдар алдындағы жауапкершілік, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және тәлімгерлік.

Жерге ұқыпты қарау — бұл қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.

Кәсібилік — бұл өз мамандығын терең білу, міндеттерге жауапкершілікпен және адал қарау, қойылған міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындау, кәсіби деңгейді жетілдіру.

Үнемі даму және оқыту — бұл үнемі алға жылжу, қызметкерлеріміздің таланттары мен қабілеттерін дамытуға жағдай жасау, жастарды қолдау.

Ынтымақтастық — бұл серіктестермен және мемлекеттік органдармен ашық өзара іс-қимыл, әрқайсысы колледжіміздің ортақ нәтижесі – жетістігі үшін жауап беретін біртұтас команданың үйлесімді жұмысы.

Тиімділік — бұл адам, табиғи және қаржылық ресурстарды оңтайлы пайдалану жағдайында барынша жоғары нәтижелерге қол жеткізу.

Жаңашылдық — бұл неғұрлым тиімді шешімдерді әзірлеу, енгізу және іздеу.

Ғылыми тәсіл — бұл заманауи білім мен тәжірибеге негізделген басқару, технологиялық және өндірістік міндеттерді терең талдау.

Сабақтастық — бұл педагогтердің көптеген ұрпақтарының қажырлы еңбегі және колледж дәстүрлеріне ұқыпты қарау, соның арқасында біз жетістікке қол жеткіздік.

Жалпы ережелер

1. Осы Кодекс корпоративтік мәдениетті нығайту және дамыту, қызметкерлер ұжымының өзара, сондай-ақ студенттермен және серіктестермен қарым-қатынасының негіздерін айқындау, педагогикалық құрамды ынталандыру, КМҚК «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің» (бұдан әрі — колледж) мамандарды даярлау сапасын жақсартуға және оқу орнының беделін арттыруға бағытталған миссиясы мен негізгі қызмет бағдарламаларын саналы түрде қолдауды қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі.

2. Кодекс колледж ұжымының барлық мүшелеріне атқаратын лауазымына, мәртебесіне және орналасқан жеріне қарамастан – оқу орнының ішінде де, одан тыс жерлерде де қолданылатын мінез-құлық ережелерін қамтиды.

3. Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына, Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей танылған адамгершілік қағидаттары мен нормаларына, сондай-ақ колледждің ішкі еңбек тәртібі ережелеріне сәйкес әзірленді.

Педагогикалық әдептің негізгі қағидаттары

Педагогикалық әдептің негізгі қағидаттары:

1) адалдық:
педагогтің адалдығы оның оқыту мен тәрбиелеу нәтижесі үшін жауапкершілігін, өз қызметіне түзетулер енгізе білуін, сын мен рефлексияға қабілеттілігін, студенттердің, ата-аналардың, әріптестердің кез келген пікірлеріне ашық болуын көздейді;

2) шыншылдық:
педагогтің шыншылдығы оның бағалау қызметінің ашықтығын, өзі қалыптастыратын білім беру ортасының айқындығын білдіреді. Шыншылдық педагогке студенттің, оның ата-анасының (заңды өкілдерінің), әріптестерінің құқықтарын бұзуға жол бермейді;

3) жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу:
педагог студенттің, ата-ананың, оның кәсіби назарына іліккен адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтейді, олармен қарым-қатынаста әдептілік танытады. Ол студенттің дамуына шын ниетімен тілектестік білдіреді, оған әрдайым көмек көрсетуге дайын болады, оның жетістіктерін (сәтсіздіктерін) бағалауда әдептілік танытады.
Білім беру процесіне қатысушыларға қатысты физикалық, моральдық және психологиялық зорлық-зомбылық әдістерін қолдануға жол берілмейді;

4) жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеу:
жалпыадамзаттық құндылықтардың басымдығын мойындай отырып, педагог әрбір ұлттық мәдениеттің ерекшеліктеріне, құндылықтары мен қадір-қасиетіне құрметпен қарайды.
Педагог ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады, білім алушыларда жасына, жынысына, тіліне, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына немесе кез келген басқа жағдайларға қарамастан барлық ұлттар мен барлық адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне құрметпен қарауды қалыптастырады;
Педагог колледж ұжымында сенім мен құрмет ахуалын қалыптастыруға ықпал етеді;

5) кәсіби ынтымақтастық:
педагог мамандықтың беделіне қамқорлық жасайды, әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтейді, педагогтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермейді.
Әріптестерінің сенімін қандай да бір түрде теріс пайдалануға, олардың кәсіби міндеттерін орындауына кедергі келтіруге, оларға қандай да бір зиян келтіруге жол берілмейді. Педагог әріптестеріне теориялық және әдістемелік шеберлік деңгейін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жәрдемдеседі, қиын жағдайға тап болған әріптестеріне көмек көрсетеді. Кәсіби ынтымақтастық өтірік пен әділетсіздікті ақтауға негіз бола алмайды;

6) кәсіби дамудың үздіксіздігі.
Педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін жетілдіреді.

Колледж ұжымының корпоративтік әдеп нормалары мен ережелері

Колледж оқытушылары мен қызметкерлері міндетті:

1. Оқу орнының мәртебесін абыроймен және қадір-қасиетпен қолдау, өз еңбегімен колледж оқытушысы мен қызметкерінің жоғары атағын ақтау.

2. Колледж миссиясын жүзеге асыру және кәсіби қызметінде өз миссиясын корпоративтік миссиямен сәйкестендіру.

3. Колледж мәлімдеген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін жауапкершілікті толық көлемде қабылдау, колледж қызметінің нәтижелеріне өз үлесін қосу.

4. Өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жоғары мәдениетті, жауапкершілікті, адалдықты, академиялық адалдық пен объективтілікті таныту, өзара құрмет, әдептілік, әріптестермен және студенттермен ізгі қарым-қатынас қағидаттарын басшылыққа алу.

5. Кәсібилікке ұмтылу, өз білім деңгейін үнемі арттыру, шетелдік және отандық тәжірибені зерделеу.

6. Студенттерге еңбек тәртібінің, өз колледжіне, оның дәстүрлері мен тарихына құрметпен және ұқыпты қараудың үлгісі болу.

7. Колледждің іскерлік беделін бағалау, колледждің мүдделеріне қайшы келетін немесе зиян келтіретін қызметке қатысудан бас тарту, абыройы мен беделіне нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекеттердің алдын алу.

Колледж оқытушылары мен қызметкерлері:

1. Әріптестері мен студенттердің қадір-қасиетін қорламауы, балағат сөздер қолданбауы, менмендік пен таныстыққа жол бермеуі керек.

2. Студенттердің көзінше әріптестерінің жеке өмірі мен кемшіліктерін талқыламауы керек.

3. Мас күйінде келмеуі және колледжде алкогольдік сусындарды ішпеуі, арнайы белгіленбеген жерде темекі шекпеуі керек.

5. Студенттерден сыйлықтар немесе ақшалай сыйақылар алмауы, сондай-ақ білім беру процесіне қатысушыларға қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеуі, әріптестері тарапынан осындай әрекеттердің жолын кесуге күш салуы керек.

6. Діни идеяларды, сондай-ақ ұлтаралық бірлік пен конфессияаралық келісімге қайшы келетін пікірлер мен ұстанымдарды таратпауы керек. Колледжде және басқа да қоғамдық орындарда хиджаб, сақал және қысқа шалбар киюге жол берілмейді.

7. Жұмысқа кешікпеуі, сабақ өткізу уақытын немесе өздерінің қызметтік міндеттерін орындау уақытын қысқартпауы, дәлелді себепсіз оларды өткізіп алмауы керек.

8. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде дөрекілік пен немқұрайлылық танытпауы керек.

9. Студенттерге қатысты өзінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланбауы, студенттерге және олардың білімін бағалау кезінде біржақты көзқарасқа жол бермеуі керек.

10. Колледж әкімшілігінің шешімдері және олардың бөлімшелерінің қызметі туралы дұрыс емес ақпарат таратпауы керек.

Басшы мен бағыныштылар арасындағы қарым-қатынас

Басшы:

— өзінің кәсіби және жалпыадамзаттық мінез-құлқымен бағыныштыларына үлгі болуы керек;

— бағыныштыларды басқа қызметкерлер мен студенттердің қатысуымен сынамауы, мүмкіндігінше мұны құпия түрде жасауы керек;

— өзінің мінез-құлық нормалары мен қағидаттарын іскерлік қарым-қатынастың корпоративтік әдеп ережелеріне негіздеуі керек;

— бағыныштыларының жеке басын құрметтеуі, олардың қадір-қасиетін кемсітпеуі керек;

— ұжымда ізгі ниетті және іскерлік ахуал қалыптастыруы керек.

Бағынышты:

— еңбек тәртібін қатаң сақтауы керек;

— болмаған жағдайда оның себептері туралы тікелей басшысына уақтылы хабарлауы керек;

— колледж басшыларын, олардың аты-жөнін білуі керек;

— дәлізде немесе ашық аумақта басшымен кездескен кезде бірінші болып амандасуы керек;

Әріптестермен қарым-қатынас

— бір-біріне құрметпен қарау;

— әріптестерге, басшыларға және бағыныштыларға лауазымы мен жасына қарамастан «Сіз» деп және аты-жөнімен жүгіну;

— әдепсіз мінез-құлық (әрекет) жасаған жағдайда міндетті түрде кешірім сұрау;

— басқа қызметкерлер мен студенттердің қатысуымен әріптестерді, бағыныштыларды, басшыны сынаудан бас тарту;

— әріптестеріне өзінің нашар көңіл-күйін көрсетпеу;

— қауесеттерге теріс көзқарас таныту, олардың таралуына жол бермеу;

— балағат сөздер қолданбау, ұстамсыздық пен агрессия танытпау;

— әріптестеріне жұмыста көмектесу, білімдері мен тәжірибелерімен бөлісу.

Жұмысқа негізгі кәсіби міндет ретінде қарау

— студенттерге үлгі болу;

— құзыретті болу, ғылыми-педагогикалық біліктіліктің жоғары деңгейін үнемі қолдау;

— колледж мүлкіне ұқыпты қарау және оны жеке мақсатта пайдаланбау;

— білім алушылардың білімін, біліктілігі мен дағдыларын адал және объективті бағалау;

— колледждің ғылыми жетістіктерін арттыру ісіне өз күшін, білімін және тәжірибесін жұмсау;

— жұмыс уақытында қызметтік міндеттерді орындауға қатысы жоқ істермен айналыспау;

— сараптама, рецензиялау немесе ғылыми жетекшілік барысында алынған жарияланбаған ақпараттың құпиялылығын сақтау.

Жиналыстар мен кеңестер өткізу

— жиналыстарға, кеңестерге уақытында келу;

— күн тәртібімен алдын ала танысу және барлық қажетті материалдарды өзімен бірге алып келу;

— жиналыс немесе кеңес басталар алдында ұялы телефондарды өшіру;

— жиналыс мінберін жеке мәселелерді шешу үшін пайдаланбау.

Оқытушы мен студенттің әдебі

1. Оқытушы студенттерге үлгі болуға ұмтылуы керек. Студенттерге «Сіз» деп жүгінуі және өзінің сыртқы келбеті мен сөйлеу мәнерін қадағалауы тиіс.

2. Әріптестерге деген ізгі ниет пен көңіл бөлу оқытушының колледжде болған кезіндегі мінез-құлық нормасы болуы тиіс.

3. Колледжден тыс жерде оқытушы өзінің ерекше қоғамдық мәртебесін – жастардың рухани және адамгершілік тәлімгері екенін және колледжге қатыстылығын ұмытпауы керек. Осыған сәйкес оқытушы өз мінез-құлқын бақылауы тиіс.

4. Студенттер мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет қағидаттарына негізделеді, дөрекілікке, басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге, оларға моральдық және материалдық зиян келтіруге, құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол берілмейді.

5. Студенттер мен оқытушылардың қарым-қатынасының әртүрлі нысандары – оқу мәселелерін бірлесіп талқылау және шешу, жобаларды орындау – қолдау табады. 6. Колледжге кірген кезде студенттер кездескен барлық қызметкерлермен, адамның жасына немесе мәртебесіне қарамастан, бірінші болып амандасуы тиіс.

6. Колледжге кірген кезде жігіттер бас киімдерін шешуі керек. Студенттер сырт киімдерін гардеробқа өткізуі тиіс. Оқу аудиторияларында, асханада сырт киіммен жүруге жол берілмейді.

7. Кіші курс студенттеріне менсінбей қарауға және менмендік танытуға жол берілмейді.

8. Өз тобында шығармашылық, жұмысқа қабілетті және достық атмосфера қалыптастыруға ұмтылу құпталады.

Телефон арқылы сөйлесу

Қызметкерлердің әріптестерімен, серіктестерімен және басқа да мүдделі тұлғалармен телефон арқылы сөйлесу дағдысы жалпы колледж туралы жағымды пікір қалыптастыруға ықпал етеді. Телефон арқылы сөйлесу барысында қызметкерлерге іскерлік әдептің белгілі бір нормалары мен ережелерін басшылыққа алу ұсынылады:

— телефон қоңырауына мүмкіндігінше тез жауап беру қажет;

— іскерлік серіктестерге немесе әріптестерге қоңырау шалған кезде өз аты-жөніңізді, лауазымыңызды және бөлімшеңізді атауыңыз қажет;

— телефон арқылы сөйлесудің басында қоңырау шалуға қолайлы уақыт екенін сұрау ұсынылады;

— әңгімелесушіні әрдайым мұқият тыңдау қажет, егер әңгімені жалғастыруға уақытыңыз болмаса, кешірім сұрап, әңгімелесушіден кейінірек қайта қоңырау шалуды өтіну керек;

— телефон арқылы сөйлесуді, әдетте, қоңырау шалған адам аяқтауы тиіс;

— автохаттағышқа хабарлама қалдырған кезде қоңыраудың күнін, уақытын, өз атыңызды, колледждің атауын айтып, содан кейін қоңырау мақсатын қысқаша баяндаңыз;

— егер ақпараттың көлемі үлкен болса, электрондық поштаны немесе факсты пайдаланыңыз;

— қажетті адам орнында болмаса, қашан қайта қоңырау шалған ыңғайлы екенін сұраңыз немесе өз атыңыз бен телефон нөміріңізді қалдырыңыз;

— егер сіздің әріптесіңізге қоңырау шалынса, ал ол сол уақытта жұмыс орнында болмаса, оны табуға көмектесіңіз немесе оған хабарлама қабылдап алыңыз, қайта қоңырау шалатын жері мен адамын нақтылаңыз;

— сөйлесу барысында байланыс үзіліп қалса, қоңырау шалған адамға қайта қоңырау шалу керек.

Оқытушының сыртқы келбеті

Әрбір қызметкердің сыртқы келбеті — колледж имиджінің негізі. Қызметкерлерге іскерлік киім киюдің келесі ережелерін ұстану ұсынылады:

— іскерлік киім стилі консервативті және ұстамды болуы керек

— киім ұқыпты және әлемде қабылданған іскерлік киім стандарттарына сәйкес болуы керек

— ашық және көзге түсетін түстерден бас тартқан жөн

— әйелдерге қысқа белдемше, көзге түсетін әшекейлер және арқасы мен иығын ашатын киім киюге болмайды.

Қақтығысты жағдайларды шешудің жалпы стилі

1. Колледждің тиімді жұмыс істеуі қызметкерлердің міндеттерін нақты бөлуді көздейді. Ықтимал қақтығыстар саласы жедел анықталып, барынша азайтылады.

2. Қақтығысты шешу колледж қызметіне келтірілуі мүмкін зиян барынша аз болатындай жүзеге асырылады. Туындаған қақтығыс жағдайы мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешіледі.

3. Қақтығыс жағдайының туындағаны туралы оны жедел және тиімді шешуге мүмкіндігі бар барлық тараптар хабардар етіледі.

4. Қақтығыс жағдайын шешу кезінде табиғи әділеттілік пен адалдық қағидаттары сақталады.

4. Ешбір бөлімше қақтығыс жағдайын өз пайдасына шешуге айрықша құқықты пайдалана алмайды.

Корпоративтік іс-шаралар

Колледжде дәстүр бойынша келесі мерекелік іс-шараларды өткізу қабылданған:

— Білім күні (қыркүйек);

— Мұғалімдер күні (қазан);

— Жаңа жылды қарсы алу (желтоқсан);

— Денсаулық күні (ақпан);

— Оқу жылының соңында колледждің үздік қызметкерлеріне грамоталар мен алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстау арқылы өткізілетін Педагогикалық кеңес (маусым).

Кодексті орындамағаны үшін жауапкершілік

1. Корпоративтік мәдениет колледжде жұмыс істейтін немесе білім алатын барлық қызметкерлер мен студенттердің ортақ ісі болып табылады. Әрбір қызметкер осы Кодексті орындау үшін моральдық жауапкершілік алады.

  1. Оқытушылар мен колледж қызметкерлері Ар-намыс кодексін білуге және сақтауға, өз қызметі мен мінез-құлқы үшін қатаң жауапкершілікке ие болуға міндетті.

Кодекс ережелерін бұзу оқытушы мен колледж қызметкерінің мәртебесіне сәйкес келмейтін әрекет ретінде қарастырылады.

Колледждің Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзған жағдайда қызметкерлерге, оқытушыларға және студенттерге келесі шаралар қолданылуы мүмкін:

— көпшілік алдында кешірім сұрау туралы ұсыныс;

— колледждің Әдеп жөніндегі комиссиялары мен Колледж кеңесінде мінез-құлықты талқылау;

— тәртіптік ықпал ету.

Корпоративтік мәдениет кодексінің сақталуын бақылау колледж басшысына жүктеледі.