Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі

Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны

Тәрбие жұмысы

Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері

Мақсаты: студенттің үйлесімді дамыған тұлға ретінде қалыптасуына, оның рухани, дене бітімі және кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруіне және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау.

Міндеттері:

1) жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті патриот пен азаматты қалыптастыруға ықпал ету; тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру; балалар мен жастардың құқықтық санасын арттыру, олардың балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұруға дайындығын қалыптастыру.

2)тұлғаның рухани-адамгершілік және этикалық қағидаттарын, Қазақстан қоғамының өмір сүру нормалары мен дәстүрлеріне сәйкес келетін моральдық қасиеттері мен ұстанымдарын

3)тұлғаның жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлануына, ана тіліне және қазақ халқының, Қазақстан Республикасындағы этностар мен этникалық топтардың мәдениетіне құрметпен қарауына ықпал ету.

4)ата-аналардың ағартушылық деңгейін арттыруға, баланың тұлғасын қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін арттыруға, балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін күшейтуге ықпал ету.

5)еңбек дағдыларын, тұлғаның экономикалық ойлау қабілетін және кәсіби өзін-өзі анықтауға саналы көзқарасын қалыптастыру, экологиялық мәдениетін дамыту, сондай-ақ коэволюция идеяларын қабылдау және күнделікті өмірде оларды басшылыққа алу қабілетін қалыптастыру.

6)әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттері мен дарындылығын дамытуға мүмкіндік беретін мотивациялық кеңістікті қалыптастыру, оның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.

7)білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта қалыптастыруға ықпал ету, жалпы мәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, тұлғаның өнердегі және шынайы өмірдегі эстетикалық нысандарды қабылдауға, меңгеруге және бағалауға дайындығын дамыту.

8)салауатты өмір салты дағдыларын тиімді қалыптастыруға, дене және психологиялық денсаулықты сақтауға, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтай білуге жағдай жасау.

Тәрбие процесін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері

Тұжырымдамалық негіздер келесі әдіснамалық тәсілдерге сүйенеді:

Құндылықтық (аксиологиялық) тәсіл – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық бірлігіне, адамзаттың санасы және адамның әлемге, адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасының рухани-адамгершілік мәндері арқылы айқындалатын құндылықтарға сүйену.

Антропологиялық тәсіл – адамды тәрбиенің нысаны ретінде қарастыратын барлық ғылымдардың деректерін жүйелі түрде пайдалану және оларды тұтас педагогикалық процесті құру мен жүзеге асыру кезінде ескеру.

Тұлғаға бағытталған тәсіл – өзара байланысты ұғымдар, идеялар мен іс-әрекет тәсілдері жүйесіне сүйену, тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі жүзеге асыру процестерін, оның даралығын дамытуды қолдау.

Іс-әрекеттік тәсіл – баланың іс-әрекетін қалыптастыру, оны таным, еңбек және қарым-қатынас субъектісі позициясына көшіру бойынша арнайы жұмысты талап етеді. Бұл ретте педагог тәрбиеленушілерді іс-әрекетті мақсат қоюға және жоспарлауға, оны ұйымдастыруға және реттеуге, бақылауға, өзіндік талдау жасауға және іс-әрекет нәтижелерін бағалауға үйретеді.

Құзыреттілік тәсіл – тәрбиенің мақсаттарын айқындаудың, тәрбие процесін ұйымдастырудың және оның нәтижелерін бағалаудың жалпы қағидаттарының жиынтығын, тұлғаның табысты әлеуметтенуін қамтамасыз ететін құзыреттерді қалыптастыруды ескеру.

Әлеуметтік тәсіл – әлеуметтік шындықтың тұлғаның мақсаттары мен міндеттеріне ықпалын, осы ықпалдың адам мен қоғам үшін педагогикалық салдарын ескеру.

Жүйелік тәсіл – нысанды оны құрайтын бөліктердің қосындысына келмейтін және иерархиялық құрылымы бар күрделі құрылым ретінде қарастыруды көздейді. Жүйелік қарастыру құрылымдық компоненттерді, олардың функцияларын анықтауды, функционалдық-иерархиялық байланыстарды белгілеуді, жүйе құраушы факторды анықтауды, сыртқы байланыстарды талдауды қамтиды.

Тұтастық тәсіл – білім алушы тұлғасының зияткерлік және рухани-адамгершілік дамуының бірлігін айқындайтын педагогикалық процестің мәнін көрсетеді.

Синергетикалық тәсіл – тәрбиені едәуір дәрежеде өзін-өзі ұйымдастыратын, тікелей себеп-салдарлық тәуелділіктерге негізделмейтін, біржақты емес түрде жүретін процесс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді; бұл процесс көптеген ішкі және сыртқы ықпалдарға: заңды және кездейсоқ, болжамды және стихиялық, реттелген және хаостық факторларға байланысты жүзеге асады.

Тұжырымдамалық негіздер тәрбие процесінің келесі қағидаттарын іске асыруды көздейді:

Гуманистік бағыттылық қағидаты – педагогтің тәрбиеленушіге өзінің дамуына жауапты және дербес субъект ретінде дәйекті қарым-қатынасы, тәрбие процесінде тұлғамен және ұжыммен өзара іс-қимыл стратегиясын ізгілікке негіздеу.

Жалпыадамзаттық құндылықтар қағидаты тәрбиенің ұлттық және әлемдік мәдениеттің рухани-адамгершілік дәстүрлері мен нормаларына негізделуі тиіс екенін бекітеді.

Мәдениетке сәйкестік қағидаты – тәрбие жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарға негізделуі және жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық мәдениеттердің нормаларына сәйкес құрылуы тиіс.

Үздіксіздік қағидаты – тұлғаның өмірінің барлық кезеңдерінде жан-жақты дамуы, оның шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндіктерін байыту, өз күштері мен қабілеттерін, кәсіби және жалпы мәдени тұрғыдан өсуін барған сайын толық жүзеге асыру.

Табиғатқа сәйкестік қағидаты – табиғат дамуының жалпы заңдылықтарының басымдығы; табиғи және әлеуметтік процестердің өзара байланысы; тәрбие жұмысында жыныстық-жас ерекшеліктерін ескеру.

Тұтастық қағидаты – оқу және сабақтан тыс қызметті кіріктіру арқылы қамтамасыз етіледі: оқу қызметі когнитивтік компонентті қалыптастырады; сабақтан тыс қызметте эмоционалдық-құндылықтық мінез-құлық компоненті дамиды.

Этностық қағидат – тәрбиені ұлттық мазмұнмен толықтыру, ұлттық сананы қалыптастыруға бағыттау, барлық азаматтардың ана тілінде білім алуына және қарым-қатынас жасауына, өз халқының дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен салт-жоралғыларын зерделеуіне жағдай жасау.

Тәрбие жұмысының басым бағыттары

Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар тұтас педагогикалық процестің өзегі бола отырып, тәрбие жұмысының барлық бағыттарын қамтиды:

1)қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие;

2)рухани-адамгершілік тәрбие;

3)ұлттық тәрбие;

4)отбасылық тәрбие;

5)еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие;

6)полимәдениеттік және көркем-эстетикалық тәрбие;

7)зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетке тәрбиелеу;

8)дене тәрбиесі, салауатты өмір салты.

Тәрбие мақсаттары мен тәрбие жұмысының міндеттері білім беру процесінде, сабақтан тыс және бос уақытта жүзеге асырылады.

Тәрбие жұмысының тиімділігін іске асыру өлшемдері ретінде тұлғаның қоршаған әлемге, белгілі бір құндылықтарға және қоғамдық құбылыстарға қарым-қатынасы арқылы көрінетін критерийлер ұсынылады.

Бірінші бағыт — қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие

Мақсаты: жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті патриот пен азаматты қалыптастыру; тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру; балалар мен жастардың құқықтық санасын, олардың балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұруға дайындығын қалыптастыру.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге қатысты құрметпен қараудың, мақтаныш пен жауапкершілік сезімінің көрінуі:

  • Отанға, мемлекеттік құрылымға, мемлекеттік саясатқа, мемлекеттік идеологияға;
  • Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына, мемлекеттік рәміздерге (Елтаңбаға, Туға, Әнұранға), құқықтық тәртіпке;
  • елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімге, халықтар достығына;
  • елінің экономикалық және әлеуметтік-мәдени даму саласындағы жетістіктеріне;
  • басқа адамның құндылықтарына, құқықтары мен бостандықтарына;
  • табиғатқа, туған өлкенің (ауылдың, қаланың, шағынауданның) мәдени-тарихи өміріне;
  • құқықтық білімге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлыққа;заң талаптарына, құқықтар мен міндеттерге;
  • әлеуметтік құндылықта

Іске асыру тетіктері:

Сабақтар, оқу пәндері, сабақтан тыс қызмет, қосымша білім беру. «Өзін-өзі тану» ҰББ бағдарламасы аясында ерлік, ар-намыс және қадір-қасиет, Отанға риясыз қызмет ету сабақтарын өткізу, пікірсайыс және дискуссиялық клубтарды ұйымдастыру, патриоттық форумдар мен акциялар өткізу, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке шақыратын іс-шаралар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен мемлекеттілік атрибуттарын білуге арналған оқушылардың конкурстары мен олимпиадалары. Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа этностардың мәдени мұрасын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерделеу бойынша өлкетану экспедициялары. Мемлекет қайраткерлерімен, әдебиет, өнер, ғылым өкілдерімен, соғыс және еңбек ардагерлерімен, қоғам қайраткерлерімен, құқық қорғау, әділет, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерімен кездесулер өткізу; балалар мен жастардың бастамашыл жобалары жүйесін дамыту. Балалар мен жастар қозғалыстарының қызметін жандандыру; қоғамдық қорлармен бірлескен қызмет; әңгімелер, дәрістер, семинарлар, тренингтер; экскурсиялар; ақпараттық-құқықтық материалдарды тарату; «Сенім қызметтерін», «Мен және заң», «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз – қоғам мүддесіне жасалған опасыздыққа қарсымыз» акцияларын ұйымдастыру.

Екінші бағыт — Рухани-адамгершілік тәрбие

Мақсаты: жалпыадамзаттық құндылықтарға, Қазақстан қоғамының өмір сүру нормалары мен дәстүрлеріне сәйкес келетін тұлғаның рухани-адамгершілік және этикалық қағидаттарын, оның моральдық қасиеттері мен ұстанымдарын қалыптастыру.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге адамгершілік тұрғыдан қараудың көрінуі:

  • Жалпыға ортақ мораль және этика нормаларына;
  • Өзінің қадір-қасиетіне, ар-намысы мен борышына;
  • Ішкі еркіндікке және адамгершілік шешім қабылдауға;
  • Өзінің және басқа халықтардың мәдениетіне, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына;
  • Діни құндылықтарға;
  • Ой, сөз және істің бірлігіне;
  • Өз мінез-құлқын жетілдіруге;
  • Ар-ожданның ішкі үнімен мақұлданған әрекеттерге;
  • Әртүрлі мәдениеттер мен сенімдердің бірлігіне;
  • Адамдарға риясыз қызмет етуге;
  • Ата-аналар, Отан, қоғам алдындағы борышына.

Іске асыру тетіктері:

Оқу пәндерінің мазмұнына құндылықтарды кіріктіру арқылы оқытудың тәрбиелік әлеуетін күшейту; әлеуметтік, қайырымдылық жобаларды әзірлеу және іске асыру, волонтерлікті дамыту; педагогикалық консилиумдар, ата-аналар институты; «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының пәнаралық және тәрбиелік рөлін күшейту, мектептерде рухани-адамгершілік тәрбиенің сапасына мониторинг жүргізу, рухани-адамгершілік тәрбие тұрғысынан қосымша білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту.

Үшінші бағыт — Ұлттық тәрбие

Мақсаты: тұлғаны жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлау, ана тілі мен мемлекеттік тілге, қазақ халқының, Қазақстан Республикасындағы этностар мен этникалық топтардың мәдениетіне құрметпен қарауды қалыптастыру.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге қатысты мақтаныш пен жауапкершілік сезімінің көрінуі:

  • Этностық санаға, этностық бірегейлікке.
  • Ана тілін және мемлекеттік тілді меңгеруге.
  • Өз халқының мәдени мұрасына.
  • Қазақ халқының және өз халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне.
  • Қазақстанның этномәдениетіне.
  • Қазақстан этностарының басқа мәдениеттеріне.
  • Этносаралық бейбітшілік пен келісімге.

Іске асыру тетіктері:


Сабақтар, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды оқу пәндеріне, қосымша білім беруге, сабақтан тыс қызметке кіріктіру. Этнопедагогика кабинеттерінің қызметі; «Мәңгілік Ел» жобасы аясында акциялар, Қазақстан Республикасының рәміздерін, мемлекеттік тілді, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін, Қазақстан тарихын білуге арналған фестивальдер мен конкурстар өткізу; өлкетану жұмысы және т.б.

Төртінші бағыт — Отбасылық тәрбие

Мақсаты: ата-аналарды ағарту, олардың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін және балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге құрметпен, ұқыпты қараудың көрінуі:

  • Этноәлеуметтік рөлдерге.
  • Өз отбасына және ұрпақ жалғастығына.
  • Адамгершілік негіздерді сақтау арқылы отбасы мен неке құндылықтарына.

Іске асыру тетіктері:

Білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңестері мен ата-аналар комитеттері; репродуктивті денсаулық орталықтары, мамандардың консультацияларын өткізу, бірлескен отбасылық іс-шаралар; «Өзін-өзі тану» ҰББ бағдарламасы аясында ата-аналарды оқыту, жастармен жасөспірім ұлдар мен қыздардың мінез-құлық мәдениеті туралы әңгімелер өткізу, жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Отбасылық өмір этикасы» элективті курстарын енгізу; ата-аналардың білім беру ұйымдарының өміріне қатысуы; әкелер, әжелер клубтары; ақсақалдар кеңестері; мемлекеттік тапсырыс арқылы ата-аналарды психологиялық-педагогикалық жаппай оқыту; үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық; аула клубтарының жұмысын қалпына келтіру; балалар мен жастардың қосымша білім беру объектілеріне ақысыз қол жеткізуін ұйымдастыру; «Менің отбасым», «Жыл отбасы» элективті курстары, фестивальдер, конкурстар, жарыстар.

Бесінші бағыт — Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие

Мақсаты: кәсіби өзін-өзі анықтауға саналы көзқарасты қалыптастыру, тұлғаның экономикалық ойлау қабілеті мен экологиялық мәдениетін дамыту.

Бағалау критерийлері:

  1. төмендегілерге ұқыпты және оң көзқарастың көрінуі:
  • экологиялық даму саласындағы мемлекеттік саясатқа, атап айтқанда, «Жасыл экономика» бағдарламасына;
  • экологиялық сауаттылыққа, табиғатқа, қоршаған адамдарға және өзіне;
  • «адам – қоғам – табиғат» жүйесіне;
  • табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтің әртүрлі түрлеріне;
  • кәсіби білімге және өнімді еңбекке;
  • нарықтық экономика заңдарына.
  1. төмендегілерге саналы көзқарастың көрінуі:
  • экологиялық қауіпсіз мінез-құлық нормаларын сақтауға;
  • кәсіп таңдауға;
  • еңбек қызметінде мақсатқа жетуге;
  • үздіксіз білім беру негізінде кәсіби мобильділікке.

Іске асыру тетіктері:

Сабақтар, оқу пәндері, қосымша білім беру, туған өлке бойынша экспедицияларға, туристік жорықтарға, сенбіліктерге, білім беру ұйымдарын, аудан, қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыруға, жасыл желектер отырғызуға, «Жасыл ел» қозғалысына қатысу және «Өзін-өзі тану» ҰББ бағдарламасы аясында волонтерлік қозғалысқа, экологиялық форумдарға, ғылыми экологиялық жобаларға, табиғи аумақтарды қоқыстан тазартуға қатысу. Сабақтарда, технология сабақтарында еңбек тәрбиесін жүзеге асыру, қосымша білім беру, мектептен тыс және сабақтан тыс қызмет. Сенбіліктер, кәсіпорындарға экскурсиялар, тәлімгерлермен, жаңашылдармен, табысты кәсіпқойлармен кездесулер, тәлімгерлік, дуальды білім беру, кәсіби шеберлік конкурстары, студенттік құрылыс және педагогикалық жасақтардың қызметі.

Алтыншы бағыт — Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетке тәрбиелеу

Мақсаты: әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттері мен дарындылығын, сондай-ақ ақпараттық мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретін мотивациялық кеңістікті қалыптастыру.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге қызығушылықтың, ниет пен ұмтылыстың көрінуі:

  • Өмір бойы білім алуға.
  • Білімді өз бетінше іздеуге және ақпаратты пайдалана білуге.
  • Сыни тұрғыдан ойлау, алынған ақпаратты талдау және тиімді пайдалану қабілетін дамытуға.
  • Зерттеу және жобалау қызметінің дағдыларын меңгеруге, инновацияларға қабілеттілікке.
  • Пікірталас жүргізу дағдыларын дамытуға.
  • Жасампаз қызметке.
  • Командада жұмыс істеуге, корпоративтік рухты нығайтуға.
  • Ақпарат көздерін сыни тұрғыдан іріктеуге.
  • Интернет-қоғамдастыққа қатысуға.
  • Интернеттегі девиантты мінез-құлыққа қарсы тұруға.
  • Интернет сауаттылығын қалыптастыруға.
  • Ақпараттық қызметтегі этикалық нормаларға.
  • Жоғары ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға.

Іске асыру тетіктері:

Сабақтар, оқу пәндері, элективті курстар, үйірмелер және қызығушылық бойынша сабақтар, мектепішілік және желілік пікірсайыс турнирлері, балалар мен жастармен бірлескен жобалық жұмыстар; сабақтан тыс жұмыстар, балалар мен жастар бірлестіктеріндегі қызмет, әртүрлі деңгейдегі өзін-өзі басқару органдарына қатысу, қосымша білім беру. Жаратылыстану-ғылыми және гуманитарлық цикл пәндерін «Өзін-өзі тану» пәнімен кіріктіру, элективті курстар өткізу. Зияткерлік ойындар, конкурстар, тренингтер, викториналар, олимпиадалар, ғылыми-практикалық конференциялар. Дарынды мамандармен және құрдастармен кездесулер, рефераттар, ғылыми-зерттеу, ғылыми-тақырыптық ақпараттық жобалар, шығармашылық жұмыстар, баяндамалар, хабарламалар, мектеп және студенттік медиа-орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, сайттар, кітапханаларды насихаттау. Психометриялық және социометриялық тесттер мен әдістемелер; көшбасшылықты дамыту бағдарламалары.

Жетінші бағыт — Полимәдениеттік және көркем-эстетикалық тәрбие

Мақсаты: жалпы мәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, тұлғаның өнердегі және шынайы өмірдегі эстетикалық нысандарды қабылдауға, меңгеруге және бағалауға дайындығын дамыту, білім беру ұйымдарында полимәдениетті орта қалыптастыру.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге құрметпен қараудың көрінуі:

  • Толеранттылыққа және жаһандық ойлауға.
  • Полимәдениеттілікке және көптілділікке.
  • Мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдерді білуге; мәдениетаралық өзара іс-қимылға.
  • Белгілі бір мәдени қауымдастықта қабылданған мінез-құлық нормаларына; тілдік және сөйлеу мәдениетінің нормаларына.
  • Эстетикалық идеалдарға, көркемдік құндылықтарға.
  • Шығармашылық ойлау мен қиялға, көркемдік-эстетикалық қызметке.

Іске асыру тетіктері:

Сабақтар, «Өзін-өзі тану» ҰББ бағдарламасын барлық мәдениеттердегі жалпыадамзаттық құндылықтардың бірлігін анықтауға кіріктіру, жастардың мәдениеттер мен халықтардың алуан түрлілігіндегі бірлікті көре білу қабілетін дамыту. Үйірмелер, әдеби клубтар; экскурсиялар: театрларға, мұражайларға, көркемөнер көрмелеріне, галереяларға, тарихи орындарға; іс-шаралар: шығармашылық кештер, балалар мен жастар жұмыстарының көрмелері, халықтар достығы фестивальдері, тілдік және шығармашылық клубтар, конкурстар; кездесулер: танымал адамдармен, өнер қайраткерлерімен; Қазақстан халқы Ассамблеясымен және этномәдени орталықтармен ынтымақтастық; білім беру ұйымдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының Кіші Ассамблеяларын құру.

Сегізінші бағыт — Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты

Мақсаты: салауатты өмір салты дағдыларын табысты қалыптастыруға, дене және психологиялық денсаулықты сақтауға, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтай білуге жағдай жасау.

Бағалау критерийлері:

төмендегілерге ниет пен дайындықтың көрінуі:

  • Денсаулық жағдайын скринингтен өткізуге.
  • Әлеуметтік ұстанымдар мен рухани қажеттіліктерге.
  • Жағымсыз ықпалдарға тиімді қарсы тұру тәсілдерін меңгеруге.
  • Табиғи қабілеттерді ұтымды пайдалануға.
  • Денсаулықты сақтауға және нығайтуға, қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлыққа.
  • Жаңа өмірлік жағдайларға стреске төзімділікке.
  • Қауіпсіздік пен тіршілік әрекетін қамтамасыз етуге.
  • Денсаулықты сақтайтын орта құруға.

Іске асыру тетіктері:

Сабақтар, дене шынықтыру сабақтары, оқу пәндері, қосымша білім беру, спорт секциялары мен үйірмелер, «Өзін-өзі тану» ҰББ бағдарламасы аясында ақпараттық-ағартушылық курстар, репродуктивті денсаулық, нашақорлықтың, маскүнемдіктің, темекі шегудің алдын алу, адамның иммун тапшылығы вирусы, салауатты өмір салтының негіздері бойынша семинар-тренингтер өткізу; денсаулық фестивальдері, спартакиадалар, қауіпсіздік маршруттары; ақпараттық-насихаттық материалдарды әзірлеу және тарату; «Сенім қызметтерін» ұйымдастыру.

Тәрбие берудің тұжырымдамалық негіздерін іске асыру шарттары

Нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Бала құқықтары туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне балаларды тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершілігін күшейту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

Ақпараттық қамтамасыз ету – заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалану. БАҚ-та насихаттауды ынталандыру, үздік оқытушылардың еңбегін дәріптеу тетіктерін әзірлеу.

Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету – тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша оқу-әдістемелік құралдар мен ұсынымдарды әзірлеу. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша озық тәжірибені, креативті идеялар мен авторлық бағдарламаларды зерделеу, талдау және енгізу.

Этнопедагогика және психология бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, қазақ халқының мәдени мұрасын зерделеу. Жыл сайын ұсынылатын оқу әдебиеттерінің тізбесіне тәрбиелік және дамытушылық сипаттағы кітаптарды, хрестоматиялар мен альманахтарды енгізу.

Ұйымдастырушылық-басқарушылық қамтамасыз ету − білім беру ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлімшелерінде тәрбие жұмысын оңтайлы жоспарлау, олардың жұмысын үйлестіру негізінде тиімді тәрбие қызметін ұйымдастыруға жағдай жасау; негізгі және қосымша білім беру мазмұнын кіріктіру негізінде бірыңғай білім беру кеңістігін құру; оң жұмыс тәжірибесін жүйелі түрде зерделеу, жинақтау және тарату, тәрбие процесіне мониторинг жүргізу, тәрбие процесі субъектілерінің пікірлерін зерделеу. Зерттеу, инновациялық қызметті қолдау; отбасылық тәрбие әлеуетін күшейту.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету − қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасау, тәрбие жұмысын республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыру, тәрбие процесіне қатысушыларды ынталандырудың икемді жүйесін тиімді пайдалану.

Психологиялық-педагогикалық қолдау − студенттерді тәрбиелеу мәселесінде білім беру ұйымдарының колледждердің педагогикалық ұжымымен және педагогикалық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамымен, ата-аналар қауымдастығымен, ғылыми және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастығы.

Психологиялық-педагогикалық тұрғыдан дамуын түзетуді қажет ететін балалар мен жастардың әртүрлі санаттарымен жұмыс жүйесін жетілдіру.

Тәрбие берудің тұжырымдамалық негіздерін іске асырудың күтілетін нәтижелері

Тәрбие берудің тұжырымдамалық негіздері мыналарды қамтамасыз етуі тиіс:

  • Қазақстандағы тұлға мінез-құлқының позитивті мотивациялық-құндылықтық саласын;
  • Білім алушы жастардың қазақстандық патриотизмінің, азаматтық өзіндік санасының, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің, толеранттылығы мен әлеуметтік маңызы бар тұлғалық қасиеттерінің қалыптасу деңгейінің артуын;
  • Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға, ана тілі мен мемлекеттік тілге және этномәдениетке құрмет негізіндегі мәдениетті;
  • Тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытудағы білім беру мазмұнының тәрбиелік әлеуетін күшейтуді;
  • Ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігі мен балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруды, жастарды салауатты отбасын құруға дайындауды;
  • Білім беру ұйымдарында полимәдениетті орта құруды, тұлғаның өнердегі және шынайы өмірдегі эстетикалық нысандарды қабылдауға, меңгеруге және бағалауға дайындығын;
  • Тұлғаның дамыған экономикалық ойлауын және кәсіби қалыптасуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына саналы көзқарасын; табиғатты сақтаудағы белсенді азаматтық ұстанымын; экологиялық сауаттылық пен мәдениеттің жоғары деңгейін;
  • Табысты әлеуметтенуді, өзін-өзі білімдендіруді және өзін-өзі жүзеге асыруды, отбасы институтын нығайтуға саналы түрде қатысуды, өзін-өзі дамытуды және өзін-өзі тәрбиелеуді.
  • Осылайша, тәрбие берудің тұжырымдамалық негіздерінің жалпы бағыты үйлесімді, жан-жақты дамыған, рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасқан, таңдау жағдайында өз бетінше шешім қабылдауға дайын, ынтымақтастық пен мәдениетаралық өзара іс-қимылға қабілетті, ел тағдырына жауапкершілік сезімі бар, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты мақсатына – Мәңгілік Елге қол жеткізуге белсенді қатысатын тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.