Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі

Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны

Инновациялық жобалар

2025 жылы Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жалпы білім беретін мектептердің 10–11 сынып оқушыларына арналған жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасын іске асыруға қатысады.

Эксперименттік білім беру бағдарламаларын енгізу алгоритміне сәйкес, бұл жоба техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының (ТжКБ) базасында мектеп оқушыларын жұмысшы біліктіліктері бойынша ерікті кәсіптік даярлауға бағытталған. Білім алушылар мектепте жалпы білім беретін пәндерді оқуды жалғастырады, ал кәсіптік құзыреттерді колледжде меңгереді.

Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі 2025 жылы біліктіліктердің ұсынылған тізбесіне енгізілген 10130300 «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы, 3W10130302 «Аспазшы» біліктілігі бойынша мектеп оқушыларын қабылдауды жүзеге асырады. Оқыту бекітілген Үлгілік қабылдау қағидаларына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен тегін негізде жүргізіледі.

Колледждегі білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі күніне 4 сағаттан аспайды, ал міндетті оқытудың жалпы көлемі кемінде 48 кредитті (1152 сағатты) құрайды. Оқу мерзімі — 1 жыл 5 айдан аспайды. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бастамашылық еткен жоба шеңберінде іске асырылады және жоғары сынып оқушыларының кәсіби бағдарын тиімді ұйымдастыруға және ерте кәсіптік оқытуға бағытталған.