Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі

Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны

Бірінші курс студентінің жолсілтемесі

ҚҰРМЕТТІ БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТІ!

Сізді Білім күнімен және «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжі» КМҚК-да оқудың басталуымен құттықтаймыз! Сіздің білім мен білік шыңдарына қарай қозғалыс жолыңызда Сізге көмектесуге дайын әрі қуанышты адамдар бар екенін біліңіз. Ал Сіз тәртіпті әрі жауапты, еңбекқор және ынталы болыңыз! Сізді студенттік өмірдің басталуымен құттықтаймыз! Өмірбаяныңызда кәсіби және жеке жетістіктердің маңызды бастауы болатын жаңа кезең басталды. Енді Сіз Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің білім алушысысыз. Оқу орны жыл сайын өз студенттері мен педагогтерінің жетістіктерін мақтан тұтады. Біздің колледж түлектері Қазақстанның көптеген өңірлерінде, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде еңбек етеді. Бізде өз ісінің нағыз кәсіби мамандары мен білгірлері жұмыс істейді.

Колледжде Сіз әрқашан өзіңізге ұнайтын іспен айналыса аласыз: шығармашылықпен, қоғамдық жұмыстармен, ғылыммен айналысып, қызметтің әртүрлі бағыттарында биіктерге жете аласыз. Педагогикалық және студенттік ұжым Сізге сенеді және оқу жылдары ішінде Сіз тек терең білім алып, құзыретті, жоғары білікті маман болып қана қоймай, ынтымақтастық пен адам арасындағы қарым-қатынасты бағалауды үйренесіз деп үміттенеді. Сізге сәттілік, зор денсаулық және барлық істе сәттілік тілейміз! Ақ жол!

Бірінші курс студентіне кеңестер

Оқудың алғашқы күндері мен тіпті алғашқы апталарында Сіз белгісіздік пен жаңалыққа байланысты абдырап қалуыңыз мүмкін. Бұл жағымсыз, бірақ жаңа ортаға бейімделуге байланысты мүлдем табиғи жағдай және ол көп ұзамай өтеді. Біліңіз – Сіз жалғыз емессіз! Жаныңызда әрдайым куратор, педагогикалық ұжым, Сізді үлкен әрі тату студенттік «отбасыға» қабылдаған курстастарыңыз бар. Сізге арналған кеңестерді міндетті түрде оқып шығыңыз, олар біздің оқу орнымызда өзіңізді жайлы сезіну үшін қалай әрекет ету керектігін көрсетеді.

Бірінші кеңес

Кабинеттердің нөмірлеріне әлі дұрыс бағдарлана алмаған кезде, сабаққа 10-15 минут ерте келуді әдетке айналдырыңыз: бірінші сабаққа кешікпейсіз, барлық студенттерге ортақ ішкі тәртіп ережелерін бұзбайсыз.

Екінші кеңес

Кураторыңызды сырттай танып-білуіңіз керек. Бұл – әртүрлі мәселелерді жедел шешуге көмектесетін адам. Алғашқы кездесуде оның тегін, атын, әкесінің атын және байланыс телефонын жазып алыңыз. Кураторыңызға өз жетістіктеріңіз, не істей алатыныңыз, қандай істеріңіз жақсы шығатыны туралы айтып, өзіңізді қандай бағытта көрсеткіңіз келетіні туралы ойларыңызбен бөлісіңіз.

Үшінші кеңес

Бірінші күні ақпараттық тақтадан өз тобыңыздың сабақ кестесін тауып алыңыз (мамандық пен курс шифрын есте сақтаңыз) және оны көшіріп жазыңыз. Осы мақсатта қолыңызға бірінші түскен дәптерді пайдалануға кеңес бермейміз. Маңызды ақпаратты жазу үшін еркін форматтағы күнделік арнаңыз. Колледждегі сабақ кестесі өзгеруі мүмкін, сондықтан оны қайта тексеріп отырған жөн.

Төртінші кеңес

Қолға блокнот алып, колледждің бүкіл ғимаратын аралап шығыңыз. Асхана мен гардеробтың қай уақытқа дейін жұмыс істейтінін біліп алыңыз. Курстастарыңызбен топтың чат тобын құрыңыз, телефон нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайларын жазып алыңыз. Сабақ кестесін нақтылау немесе сабаққа қатыспайтыныңыз туралы ескерту үшін оларға қоңырау шалудан ұялмаңыз.

Бесінші кеңес

Колледж кітапханасында сабаққа сапалы дайындалуға көмектесетін оқу әдебиеттері бар.

Алтыншы кеңес

Әр пән бойынша жеке дәптеріңіз болуы керек. Мұқабаның артқы жағына пәнді жүргізетін оқытушының тегін, атын және әкесінің атын жазыңыз. Жазбаларыңызды ұқыпты әрі уақытында жүргізіңіз. Дәптер студентті сипаттайтынын есте сақтаңыз. Сондай-ақ «қосымша» ретінде сөмкеңізге қаламдар салып жүріңіз. Маңызды ақпаратты белгілеу үшін түрлі түсті маркерлердің болғаны пайдалы.

Жетінші кеңес

Аттестаттауға және сессияға дайындық алғашқы сабақтан басталатынын есте сақтаңыз. Пәндерді жүйелі түрде оқыңыз: конспектілерді үнемі қайталаңыз, қосымша материалдарды өз бетіңізше оқыңыз, ең күрделі мәселелерді мұқият қарастырыңыз.

Сегізінші кеңес

Сабақта белсенді жұмыс істеңіз: толықтырулар мен нақтылаулар енгізіңіз, сұрақтар қойыңыз. Қиындық туындаған жағдайда оқытушыға жүгініңіз. Үй тапсырмасын әрдайым орындаңыз.

Тоғызыншы кеңес

Сабақтан қалмаңыз! Қатысқан және қатыспаған студенттердің қатаң есебі жүргізілетінін есте сақтаңыз. Егер Сіз оқу күнін дәлелді немесе дәлелсіз себеппен өткізіп алсаңыз, әр сабақты қайта өтеуіңіз қажет. Ауырған жағдайда күн сайын өз бетіңізше өтілген тақырыптарды оқып, сабаққа шыққаннан кейін жеке тапсырма алып, оны сәтті орындауыңыз керек.

Оныншы кеңес

Өзіңізді лайықты ұстаңыз. Басқалармен қарым-қатынаста әдепті және сыпайы болыңыз. Өзгенің пікірін құрметтеңіз. Болашақ маман екеніңізді есте сақтаңыз!

Он бірінші кеңес

Позитивті өмір сүріп, позитивті ойлаңыз. Артық уайымға күшіңізді жұмсамаңыз. Студенттік өмірде өзіңізді көрсетіңіз! Өз таланттарыңызды танытыңыз! Оқу мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру қажет екенін есте сақтаңыз. Іс-шараларға, байқауларға, сайыстарға белсенді қатысушы болыңыз.

Жиі қойылатын сұрақтар

Сыртқы келбетке қойылатын белгілі бір талаптар бар ма?

Біздің оқу орнымызда киімнің іскерлік стилі дәстүрлі болып табылады. Шаштың ұқыпты болуын қадағалау қажет: ұзын шашты таза ұстап, өріп жүріңіз. Қауіпсіздік мақсатында ашық түсті макияжға және биік өкшелі аяқ киімге жол берілмейді. Жайлылықты сақтау және санитариялық-гигиеналық талаптарды орындау үшін ауыстыратын аяқ киім киіңіз.

Студенттер қандай да бір жастар ұйымының құрамына кіре ме?

Студенттік жылдар – ерекше достық пен бауырластық кезеңі. Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінен келген жастардың жақындасуы мамандықтар бойынша студенттік өмірге қабылдау кезінде, ал қорытындысында үлкен іс-шара – Студенттер қатарына қабылдау рәсімі кезінде жүзеге асады. Бұл іс-шара Сізге студент деген әлеуметтік мәртебені түпкілікті бекітеді.

Күнімді қалай жоспарлау керек?

Әр студент өзінің оқу күні оқу кестесімен реттелетінін есте сақтауы керек. Ресми рұқсатсыз ешкім сабақтан шыға алмайды. Оқу сабағынан басқа не жоспарланғанын да бақылап отыру қажет, бұл туралы Сізге куратор хабарлайды.

Стипендия алуға кімнің құқығы бар?

Стипендияны бірінші семестрде барлық бірінші курс студенттері алады. Екінші семестрде стипендия бірінші семестрдің нәтижелері бойынша тағайындалады. Қанағаттанарлық бағалары («3») бар студенттер алдағы семестрге стипендиядан айырылады, алайда жаңа семестрдегі оқу нәтижелері бойынша студент қайтадан стипендия иегері бола алады.

Бірінші курс студенттерінің білімін бақылау қалай жүргізіледі?

Студенттерден оқу сабағы барысында үнемі сұралады. Ағымдағы бағалар журналға қойылады. Емтихан сессиясы емтихандар тапсыруды қамтиды. Пәндер бойынша білім деңгейі тексеріледі.

Бірінші семестр қанша уақытқа созылады? Каникул бар ма?

Бірінші курс студенттері барлық мамандықтар бойынша сабаққа 1 қыркүйектен бастап кіріседі. Бірінші курс үшін бірінші семестр 17 оқу аптасын құрайды. Каникул 2 аптаға созылады. Әр семестрде қанша оқу аптасы бар екенін, практика қашан өтетінін оқу процесінің кестесінен біле аласыз.

Студенттің қабілеттерін жетілдіруге жағдай жасалған ба?

Оқудың алғашқы күндерінен бастап студентке оқу барысында да, сабақтан тыс уақытта да өзін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Олар пәндік олимпиадаларға қатыса алады; ғылыми жетекшілер оларға ғылыми зерттеу үшін қызықты әрі өзекті тақырыптар ұсынады. Дарынды студенттер кәсіби шеберлік байқауларына жіберіледі. Шығармашылық тұрғыда өзін көрсетуге қолдау көрсетіледі.

Бос уақытымды қалай ұйымдастыруға болады?

Студенттердің қосымша білім беру жүйесі әртүрлі үйірмелерден тұрады, олардың кестесімен колледж сайтынан танысуға болады. Алғашқы қадам өзіңізден басталады! Таңдаңыз және әрекет етіңіз!

Егер денсаулығыңызға байланысты мәселелер болса…

Колледждің барлық мамандықтарының оқу жоспарларына сәйкес пәндер тізімінде «Дене шынықтыру» пәні бар. Егер денсаулығыңызға байланысты мәселелеріңіз болса, қажетті құжаттардың барлығын алдын ала (оқу жылы басталғанға дейін) жинап, ДКК анықтамасын алыңыз.

Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, міндетті түрде колледждің медицина қызметкеріне жүгініңіз. Ол Сізді қарап, әрі қарай тексеру мен емделу үшін қайда жіберу керектігін шешеді. Өзіңіздің нашар хал-жағдайыңыз, жайсыздық немесе ауру туралы айтуға ұялмаңыз – медицина қызметкері Сізге алғашқы көмек көрсетеді.

Егер бір нәрсе болып қалса…

Кез келген адамның басына жағымсыз жағдай түсуі мүмкін. Үмітсіздікке салынудың қажеті жоқ. Алғашқы минуттарда сабыр сақтап, ересек адамнан көмек пен кеңес сұрау керек. Ең алдымен, өз мәселеңіз туралы кураторға айтыңыз. Егер жағдай ересек адаммен ашық сөйлесуге қорқатындай болса, колледжде бұл үшін бірінші қабатта орналасқан «Сенім жәшігі» қарастырылған.

Пайдалы ақпарат

Сізді қызықтыратын барлық ақпарат колледждің sarykol-college.edu.kz ресми сайтында, сондай-ақ Instagram — sarykol_college, Facebook – SKAiP2020 әлеуметтік желілерінде орналастырылған.

Сабақ кестесі 2-қабатта орналасқан.

                                       СІЗГЕ СӘТТІЛІК ТІЛЕЙМІЗ!